2019 жылдың 20-21 сәуір аралығында Nomad Explorer компаниясының ұйытқы болуымен Жамбыл облысы әкімдігі Туризм басқармасы және Жуалы ауданы әкімдігінің қолдауымен  облыста алғаш рет «Оңтүстік Аңыздары» экспедициялық фестивалі өткізілді.

       Бірнеше жылдан бері еліміздің көрікті және тарихи маңызы бар жерлеріне саяхат жасап, ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген Nomad Explorer тобы 7 күндік биылғы шараға тұңғыш рет Жамбыл өңірін қосып отыр. Туристік экспедицияға еліміздің және шет елдерден 1000-нан астам саяхатшы қатысты. Ауқымды іс-шарада экспедицияның мүшелері өңірдің тарихи маңызы бар нысандарымен танысып, көшпенділер рухын бойына сіңіріп, жақсы демалып қайту үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, тігілген шатырларда кешкі ас ішіліп, одан кейін экспедицияның басталуына орай концерт ұйымдастырылды. Барлық күндер осындай қарқында өтті. 
Қатысушылар бір нысаннан екінші нысанға арнайы жабдықталған автобустармен жеткізілді. Әр автобуста сұрақтарға жауап беретін және қосымша мәселелерді шешетін жетекші қарастырылған.
     Осы уақыт арасында туристер ескерткіштерді тамашалаумен қатар, тренингтерге қатысып, пікір алмасу алаңында қозғалған тақырып аясында ойын білдіріп, түрлі сала мамандарымен сұхбаттаса алды. Сондай-ақ, әр күнде флешмоб, қолөнершілер мен ауылшаруашылық өнімдер жәрмеңкесі, көрме, хайкинг пен трекинг, кино көрсетілімі секілді шаралар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойналып, түрлі сайыстар өтті. Түрлі тақырыптарда танымал кәсіпкерлердің (Марғұлан Сейсембаев, Қуаныш Шоңбай, Нұрлан Смағұлов және басқа да) бизнес-тренингтері, қатысушылар командалары арасында түрлі конкурстар өткізілді.

    Жалпы іс-шараЖамбыл облысының танымал тарихи және табиғи туристік нысандарын шет ел және еліміздің өзге өңірлерінен келген туристерге  таныстыру арқылы ішкі туризмді дамытуды көздеп отыр.

     1-бөлім: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ТАРАЗ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКСКУРСИЯЛЫҚ БӨЛІМ

      Кәсіпкер, саяхатшы Марғұлан Сейсембай бастаған Жамбылдағы сапардың бағыты 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласынан басталды. Бірінші күннің жоспары бойынша экспедиция Тараз қаласынан шығып, Қырғыз Алатауының етегіндегі Ақыртас тарихи нысанына барып, артынша Талас өзенінің оң жағалауындағы Тектұрмас кесенесіне келді. Сол маңда түскі ас ішіліп, туристер жолай Қарахан, Айша бибі Бабажы Хатын кесенелері мен т/б тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап өңір  тарихымен танысты.

     2-бөлім: БЕРІКҚАРА ШАТҚАЛЫНА САПАР. ТАБИҒАТ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БІР ТӘУЛІК

   Тарихимәдени ескерткіштерді аралаған экскурсия мүшелері Жуалы ауданы Берікқара шатқалына аттанды. Мұндағы анайы даярланған алғашқы лагерьге қоныстанды. Дәл осы маңда ұлттық ойын түрлерінің фестивалі ұйымдастырылды. /көкпар, күрес, қатын күрес, тоғызқұмалақ, асық ату т.б/ Сонымен қатар табиғат аясында Қызыл  кітапқа енген жабайы қызғалдақтар жөнінде ғылыми-практикалық конференция да өтті. Оған Жамбыл облысының туризм саласының мамандары мен республиканың басқа аймақтарынан келген қызғалдақ зерттеушілері қатысты.

Қосымша ақпарат:

  «Nomad Explorer» ЖШС Қазақстанда 2015 жылдан бастап ішкі туризмді дамытумен айналысып келеді. Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақ елінің бірнеше аумақтарында ауқымды туристік экспедициялар атқарған. Алғаш 2016 жылы Қарағанды облысында «Ұлытау мұрасы» экспедициясына 70 адам қатысса, 2017 жылы Маңғыстау облысында өткен 7 күндік «Үстірт құпиясы» экспедициясына 270 кісі қатысқан. Ал 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы аумағында өткен «Алтай қазынасы» экспедициясына 64 жол талғамайтын көлікпен 270 адам қатысып, өңір табиғатымен танысты. Шекара асып, Моңғолия, Иран, Вьетнам сияқты елдерде де болды. Сондай-ақ, бұл ұйым былтыр Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 2500 адам қатысқан «Көкмайса» фестивалін ұйымдастырған. «Nomad Explorer» компаниясының мақсаты – Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға ат салысу.     
    «Nomad Explorer» ЖШС биылғы сәуір айында Қазақстанның барлық өңірі мен алыс-жақын шетелдердің туристерін жинайтын «Оңтүстік аңыздары» экспедициясын өткізуді жоспарлап отыр. Экспедиция ұйымдастырудағы мақсат – отандастарымыз бен жақын және алыс шетелдік қонақтарға Отанымыздың көркем және түрленген табиғаты, ресми түрде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген көптеген тарихи ескерткіштерін көрсету, таныстыру. компания тек танымал орындарда экскурсия ұйымдастыруды ғана емес, сонымен қатар оларды қызықты жаңа форматта көрсетуді жоспарлауда. Халыққа Қазақстандағы демалыстың ерекше, әрі тартымды бола алатынын көрсету. 
 

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ

БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

М.Бает

8702 337 27 17

merey.mb@mail.ru