Құлан қалашығы алғаш рет VІІ ғасырдың бірінші жартысына жататын жазба деректерде кездеседі. Қытай тақуасы Сюань-Цзянының қол жазбаларында және Тан династиясының тарихында қала Цзюй-Лань деген атпен аталған. Ол туралы VІІІ-Х ғ.ғ. «Ұлы Жібек жолының» бойында орналасқан қалаларды сипаттаған араб авторлары да жазып өткен. Араб тарихшыларының қатарындағы Ибн Хордабек пен Құдама Құланды Тараздан батысқа қарай 14 фарсах жерде орналастырған. Құдама: «… Тараз бен Құланның солтүстік жағында құм, ал оның ар жағында құмды және малта тасты шөл, онда қимақтар шекарасына дейін со­зылып жатыр» – деп мәлімдесе, әл-Макдиси: «Құлан – бекіністі қала, онда Алқалы мешіт бар. Ол енді бос қалды, ол үлкен Тараз жолында»  деп жазған.

XIII ғасырда географиялық сөздіктің авто­ры Якут өз еңбегінде Құлан: «Құлан – түркі елінің Мәуренахр жағындағы шекара­сында орналасқан сүйкімді қала». деп жазған.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Құлан қалашығы 2014 жылы 25 маусымда Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясы барысында Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне енгізілді.