НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Субсидияланатын әуе рейстерінің уақытша тоқтатылуына байланысты қаражаттың бір бөлігі ішкі туристік бағыттарға қайта бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

«Коронавирус пандемиясына байланысты «Нұр-Сұлтан-Токио» әуе бағыты бойынша субсидияланатын рейстердің уақытша тоқтатылуына байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаражаттың бір бөлігін ішкі туристік бағыттар бойынша рейстерге 385,1 млн теңге көлемінде қайта бөлу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты ішкі туристік бағыттарға тасымалдаулар сұранысын қанағаттандыру мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі субсидияланатын «Нұр-Сұлтан-Балқаш», «Нұр-Сұлтан-Үшарал» және «Алматы-Жезқазған» бағыттарына қосымша байқау өткізді», делінген хабарламада. Байқауға қатысу үшін «SCAT», «Qazaq Air», «Южное небо» және «Жезқазған Эйр» әуе компаниялары тиісті өтінімдер берді. «Байқау қорытындысы бойынша барлық үш әуе бағыты бойынша «Qazaq Air« әуе компаниясы жеңімпаз болып анықталды. Әуекомпания келесі рейстерді орындайды: «Нұр-Сұлтан – Балқаш» бағыты бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен тарифі 9 000 теңге (рейстер саны аптасына 10 рейске дейін артады), «Нұр-Сұлтан – Үшарал» бағыты бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен тарифі 16 000 теңге (рейстер саны аптасына 11 рейске дейін артады), «Алматы-Жезқазған» бағыты бойынша аптасына 2 рейс жиілікпен тарифі 20 000 теңге (рейстер саны аптасына 4 рейске дейін артады). Рейстер сыйымдылығы 76 орыннан 86 орынға дейін Bombardier әуе кемелерінде орындалатын болады», делінген хабарламада.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/toktatylgan-aue-reysterinin-subsidiyasy-turistik-bagyttarga-bolindi-azamattyk-aviaciya-komiteti_a3669999